Шымкент қаласында Францияның Құрметті консулдығы ресми түрде ашылды. Бұл бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасында 2025–2028 жылдары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында іске асырылып отыр.
Жаңа консулдықтың ашылуы Франция мен Шымкент қаласы арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және ғылыми байланысты одан әрі нығайтуға серпін береді. Сонымен қатар өңірге инвестиция тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Консулдық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, Қазақстандағы Франция азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға күш салмақ. Оларға қолдау көрсету, құжаттарды алуға байланысты көмек көрсету ісі де осы жерде жүргізіледі. Француз тауарлары мен қызметтерін жергілікті нарықта ілгерілету, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми және сауда ынтымақтастығын дамыту қолға алынбақ. Сондай-ақ мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға қолдау көрсету бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.
ИГОРЬ КОПАЙЛОВ, ФРАНЦИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ
Франция Республикасы мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында арнайы жол картасы әзірленген. Жол картасы аясында Шымкент қаласында 30-ға тарта мәдени-рухани іс-шара өткізу жоспарланған. Ең алдымен осы бағыттағы жұмысты жандандырмақпыз. Әрине, біз үшін екі ел азаматтарының татулығы мен заңды құқықтары бірінші орында.
Францияның Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы өңірдің халықаралық серіктестікке ашықтығын көрсетіп, Шымкенттің жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болып саналады.