Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның Ұлттық мәжіліс депутаты Зорлу Кюршадпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен ортақ жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.


Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, өңірде жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал Зорлу Кюршад облыстың экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, жаңа жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Осы кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Біздің ортақ тіліміз бен тарихымыз бар. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, қолдау көрсеткен – Түркия елі. Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынас ерекше екенін атап өткім келеді.


Түркиялық компаниялар тарапынан өңірде екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, Түркістан халықаралық әуежайы қысқа мерзім ішінде салынып, қолданысқа берілді. Ал шаһардың інжу-маржанына айналған «Керуен сарай» кешені бүгінгі таңда туризм саласының өркендеуіне үлес қосып келеді.


ЗОРЛУ КЮРШАД, ТҮРКИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз осы өңірде жатыр. Ал оның атындағы университет – біздің ортақ достығымыздың нышаны. Түркияда жасалып жатқан жобаларда Түркістан шаһарының алар орны зор. Сол себепті бүгінгі кездесуде жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін.


Өткен жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 87,5 млн АҚШ доллары Түркістан облысына тиесілі.