Шымкентте түркі әлемінің сән өнері мен қолөнерін бір алаңға тоғыстырған маңызды мәдени алаң – «MIRAS» халықаралық түркі сән этнодизайнерлерінің форумы өтті. Ауқымды іс-шара қаламызда алғаш рет ұйымдастырылды. Форум аясында Концерттік көрме орталығында этнодизайнерлердің сән көрсетілімі болды.


 Форум жұмысы «Түркі киімтануы және өрнек семиотикасы» ғылыми-танымдық конференциямен ашылды. Конференцияға қатысушылар дәстүрлі түркі киімдерінің ерекшеліктерін, ою-өрнек семиотикасын, сондай-ақ ұлттық киімдердің заманауи үлгілеріне кеңінен тоқталды.


АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Кез-келген мемлекет өзінің мәдениеті мен ұлттық мұрасын сақтап, оны насихаттап отырады. Бүгінгі басқосуымыз да соның жалғасы. Біз де өзіміздің мол мұрамызды сақтауға, оны насихаттауға күш салуымыз керек.


Форумды Шымкент қаласының әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қоры бірлесіп ұйымдастырған. Оған Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан этнодизайнерлері мен сән зерттеушілері қатысты. Этнодизайнерлердің сән көрмесіне жергілікті өнер иелері де қатысты.


АЙДАНА АЛАЙДАРОВА, ҚОРҚЫТАТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ

Мен өзімнің «Алшы асық» деп аталатын коллекциямды алып келдім. Бұл жерде мен түйменің орнына алшы асықтарын пайдаландым. Ол қазақта «асығың алшысынан түссін», «жолың оңғарсын» деген сияқты мағыналарда қолданылады.


Шымкентте өткен алғашқы халықаралық MIRAS түркі этнодизайнерлер форумы қазақ өнерінің өміршеңдігін паш етті. Ұлттық мұраның заманауи үлгісі көпшілікке ұсынылды.