Түркістандағы №26 Әйтеке би мектебінде оқушылар арасында эстафеталық сайыс өтті. Оған 6 команда мүшесінен құралған 3 топ қатысты. Басты мақсат жас буынды спортқа тартып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс 5 кезеңнен тұрады. Олар - Кім жылдам, үлкен сахинаның арасынан өту, Теңге жинау, Ептілікті байқау және арқан тарту айналымдары. «Өзіңді тұмаудан қорға» ұраны аясында өткен байқаудың көздегені – жас шәкірттерге физикалық іс-қимылдың адам денсаулығына тигізер оң ықпалын үгіттеу.
АЙЖАН МОЛДАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
– «Тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын жұқпалы ауыру болып табылады. Оның алдын алу үшін спортпен шұғылдану қажет. Сол үшін де бүгін біз балаларға осы жолды насихаттап, салауатты өмір салтын ұстану қажетін түсіндіріп, спорттық шара өткізіп жатырмыз.»
Жарыс барысында оқушылар өзара бәсекелесіп, кім мықтыны анықтады. Әрбір кезеңге жіті дайындалған олар барлық айналымда белсенділік танытты.
ДИАНА ЖУРАШЕВА, ОҚУШЫ
– «Бізге бүгін апайларымыз осындай жарыс ұйымдастырып берді. Бізге қатты ұнады, қуаныштымыз. Сайыс өте қызықты өтті. Бізге уақыт бөлгендеріңіз үшін рақмет!»
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок-медальдармен марапатталды.