Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті мен ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Шақыртуды қабыл алып, облысқа арнайы келген инвесторларға алғыс білдірді.
G2B форматындағы кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясының басшылығы, делегациялары және инвесторлары ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салалары бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім саласында әріптестік орнату және өзге де жобалар туралы пікірлерін айтты. Әрбір ұсыныс пен жоба зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылады. Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тартуға, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025–2028 жылдары жүзеге асатын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 ай қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. 2025 жылға облысқа 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.