Шымкентте қазақ күресінен ересектер арасындағы ел чемпионаты басталды. 3 күнге жалғасатын додаға 20 салмақ бойынша еліміздің танымал балуандары қатысып жатыр. Жеңімпаздар ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
Астанада өткен Көшпенділер ойынының күміс жүлде иегері Замзагүл Файзуллақызы ұзақ дайындықтан өтті. Бүгінгі сайыста өз жерлесімен белдесіп, бірінші айналымның жеңімпазы атанды.
ЗАМЗАГҮЛ ФАЙЗУЛЛАНОВА, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН СПОРТ ШЕБЕРІ
Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Оқу-жаттығу жиыны Шымкентте өтті. Жеребе бойынша Шымкенттің қызымен күресуге тура келді. Өзіме сенбесем, бозкілемге шықпас едім. Бұл жарыстан чемпион финалға шыққандардың барлығы ұлттық құрамаға енеді. Әр спортшының арманы – әлем біріншілігіне, Азия ойындарына және Көшпенділер ойындарына қатысу.
Ашылу салтанаты «Жеңіл атлетика спорт кешенінде» өтті. Оған еліміздің 17 өңірі мен 3 қаласынан 481 балуан келді. Іс-шара спорт және туризм министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
БАУЫРЖАН ТҰМАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жарыстың мақсаты – 2026 жылғы ұлттық құрама команданы іріктеу. Әр салмақтағы жеңімпаздар әрі қарай халықаралық жарыстарда ел атынан өнер көрсетеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 26 қараша күні марапатталады.