Мегаполисте үш күн бойы түркі әлемінің бірлігі мен рухани сабақтастығын дәріптеген маңызды мәдени іс-шара – «Мирас» халықаралық түркі сән этнодизайнерлерінің форумы өз мәресіне жетті.
Форум түркі халықтарының ортақ мұрасын жаңғыртуға, сән-қолөнер саласындағы шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және этнодизайн бағытындағы жаңа үрдістерді талқылауға арналған ауқымды алаң ретінде бағаланды.
АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Біз үлкен бір Одақ құрғымыз келеді. Осы этнодизайнерлердің басын қосатын жақсы бір ортақ дүние болатын бастамаға қарасқымыз келеді. Бұл шараның мақсаты сол еді.
Үш күнге созылған форум барысында түбі бір түркі жұртының бай мұрасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды: ғылыми-танымдық конференция, сән дефилесі, шеберлік сағаттары мен қолөнер жәрмеңкесі өткізіліп, этнодизайн саласындағы үздік мамандар өзара тәжірибе алмасты, тың идеяларын бөлісті.
ОЗОДБЕК ДАДАБАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚ ҚОНАҚ
Мен өзімнің «Қаракөз» атты туындымды алып келдім. Ол қазақ пен қырғызға ортақ мәдениетті көрсетеді. Келген қонақтарға ұнады. Маған Шымкенттегі форум ұнады. Шығармашылық байланыс орнататын бір орталық болды.
Форум түркі мәдениетінің амбассадоры саналатын «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің «Тамыр» атты әсерлі концертімен қорытындыланды. Концерт барысында қазақ, түрік, қырғыз, әзірбайжан, өзбек, түрікмен, саха, алтай, ноғай және мажар халықтарының төл музыкалық шығармалары орындалып, түркі әлемінің ұлттық әуендері бір сахнада тоғысты, түбі бір түркі халықтарының ортақ рухани тамырластығының айқын көрінісіне айналды.