Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтіп жатыр. Аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған шараға 300-ге жуық компания қатысуда. Форум барысында көрме ұйымдастырылып, облыста жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар таныстырылды.
Жиын аясында пленарлық отырыс өтіп, облыс әкімі өңірдің даму көрсеткіштерін баяндады. Ол соңғы жиырма жылда Қазақстан экономикасына Қытайдан 27 млрд доллар инвестиция тартылғанын, жалпы саны 7 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Соңғы он жылда Қытайдан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд АҚШ долларды құрап отыр.Өзара ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы 30,1 млрд долларға жетті.Оның ішінде облыспен өзара тауар айналымы 296 млн АҚШ долларды құрады.
Шарада халықаралық ұйым өкілдері сөз сөйлеп, екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту мәселелеріне тоқталды. Форумда арнайы келіссөздер мен панельдік пікірталастар өтті. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімдігі мен шетелдік компаниялар арасында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келіссөздерге қол қойылды.
HAN CHUNLIN, ҚР ҚХР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық жетекшілігі мен тікелей ықпалының арқасында Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі жаңа деңгейге көтерілді. Биыл екі ел басшылары екі мәрте жүздесіп, ынтымақтастықтың айқын жоспары мен нақты мақсатын айқындап берді.
Биыл жыл басынан бері облыс әкімдігі 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесу өткізіп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырды. Нәтижесінде облыстың негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылып, шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларға жетті.
СЕРІКЖАН СЕЙТЖАНОВ, «SOUTHS OIL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бүгінгі күнге дейін біздің компанияның инвестициялық жобалары еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.Және ғылыми шешімдерді қолданатын бірегей жоба болып табылады.
Халықаралық форумда жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру, мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру жобалары бар.