Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетонмен қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда пилоттық режимде бес бригадаға бейнежетон берілген. Мұндағы мақсат – жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ көрсетілетін қызмет сапасын бақылау. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы онлайн бақылауда болады.
Бейнежетонға түсірілген видеолар онлайн бақылауда болады. Мамандардың әр қадамы, сөзі мен қызмет көрсету сапасы жазылады. Жоба әзірге пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Құрылғы 5 бригадада бар. Егер тиімділігі байқалса, алдағы уақытта барлық жедел жәрдем қызметкерлері қамтылатын болады.
РАЙГҮЛ ЕСЕНӘЛИЕВА, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
«Пилоттық жоба ретінде бір бригадаға екі бейнежетоннан беріп отырмыз. Оның біреуі бізде тұрады, екіншісін видеоларды жүктеу үшін алып кетеді. Ең бастапқы мақсатымыз – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтау. Жалпы шақыртуға барған кезде шақыртушы агрессия танытып, шабуыл жасаған жағдайда бізге дәлел болады».
Сонымен қатар құрылғы SOS батырмасымен жабдықталған. Қызметкерлерге қандай да бір қауіп төнсе, олар диспетчерді шұғыл шақыра алады.
Айта кетейік, жетондағы жазбалар арнайы қорғалған. Түсірілген бейне және аудио жазбалар серверге жолданады. Сондықтан оларды ешкім өзгерте де, өшіре де алмайды. Материалдар тек жауапты мамандардың рұқсатымен, қажет болған жағдайда ғана пайдаланылады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
«Пилоттық жоба алдымен осы бригадаларда сынақтан өтуде. Денсаулық сақтау басқармасы бұл пилоттық жобаны оң бағалап отыр. Егер нәтиже біз күткендей болса, бейнежетонмен барлық бригадалар кезең-кезеңімен қамтылатын болады».
Қазіргі уақытта қалада 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның 28-і дәрігерлік болса, қалғаны фельдшерлік құрамда қызмет көрсетеді. Олар бір тәулікте 2000-нан астам шақыртуға шығады.