Шымкентте алматылық тұрғыннан аса ірі көлемде психотроптық зат тәркіленді.
Жедел іс-шаралар барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы синтетикалық есірткі затын тасымалдаған Алматы қаласының тұрғыны басқарған Hyundai Elantra маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында автокөлік салонынан скотчпен оралған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Оның ішінде жалпы салмағы 1 келі психотроптық зат болған.
Аталған заттың Шымкент қаласы аумағында жасырын орындарға қою арқылы таратуға арналғаны анықталды. Жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды. Полиция есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.