Мемлекеттен бөлінетін қаржы нағыз мұқтаж азаматтарға берілуі керек. Атаулы әлеуметтік көмекті қосымша табыс көзіне айналдырғандардың әрекеті әшкереленеді. Бұл өзекті мәселе Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекпен өткен баспасөз брифингінде көтерілді.
Алдымен, Сәрсен Абайұлы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары туралы сөз қозғады. Шымкент қаласында 2024 жылы 8810 отбасыға 4 млрд 717 миллион теңге көлемінде АӘК көрсетілген. Ал биылғы жылдың 10 айында 5016 отбасыға 2 млрд 352 миллион теңге көлемінде көмек беріліпті. Бұдан бөлек, 6 жасқа толмаған балалар үшін бір жарым АЕК есебінде ай сайынғы қосымша төлем 4642 отбасыға берілген.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Қазіргі таңда 5016 отбасы АӘК алған болатын. Қазір көмек алатын отбасылар саны — 1200-дің көлемінде. Қалған отбасы қайда десеңіз, жылына бір рет көмек алған отбасы болса да осы санның ішіне кіріп тұр.
Мұқтаж отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Мәселен, өткен аптада Көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс жәрмеңкесі өткізілген еді. Нәтижесінде 105 тұрғын жұмысқа жолдама алған. Жәрмеңкеге пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, мүгедектігі бар және берешегі бар борышкерлер қатысқан. Олар жұмыс берушілермен тікелей байланысып, тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Бұндай жәрмеңкені жылына бірнеше рет өткізіп келе жатырмыз. Бұл туралы үнемі баяндап отырмын. Жәрмеңкеге 700 адам қатысты, оның 105-і жұмысқа жолдама алды.
Брифинг барысында Шымкентте 341 учаске мемлекет мұқтажына алынғаны да айтылды. 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы тарапынан 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес, қала әкімдігінің қаулылары негізінде жүзеге асырылуда. Соның ішінде 298 жер учаскесінің иесіне мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде қаржы төленген, ал 43 учаске иесіне тең бағалы жер учаскесі берілген.