Қалалық онкологиялық орталықта жаңа эндоскопиялық диагностикалық кабинет ашылды. Енді мегаполис тұрғындары өкпе обыры, асқазан-ішек жүйесі обыры және басқа да қатерлі ісіктерге тегін, қауіпсіз және уақтылы диагностика жасай алады. Бұл мүмкіндік Түркістан облысының тұрғындарына да қолжетімді болмақ.
Өкпе обыры дүниежүзінде кең етек жайған онкологиялық ауру болып отыр. 2025 жылдың алғашқы жеті айында ғана 2000-нан астам адам осы диагнозбен есепке тұрған. Өкініштісі, дертке шалдыққандардың 37 пайызы ауру анықталған соң бір жылға жетпей көз жұматын көрінеді. Ал жаңа орталық осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беріп отыр.
ДИЛЯРА ҚАЙДАРОВА, С. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРІНШІ ПРОРЕКТОРЫ
Өкпе обыры көбінесе соңғы сатыларына дейін симптомсыз болып қалады. Сондықтан ауырсынуды немесе айқын белгілерді күтпей, үнемі скринингтен өту өте маңызды. Қатты жөтел, қан түкіру немесе кеудедегі ауырсыну пайда болған кезде, бұл әдетте III немесе IV сатыларға нұсқайды. Скрининг әсіресе жағдайы нашар адамдар үшін маңызды, себебі оның мақсаты – ауруды мүмкіндігінше ертерек анықтау.
Мамандар ауруды ерте диагностикалаудың маңызы жоғары деп отыр. Жаңа диагностикалық кабинетте тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу жеңілдемек. Барлық жабдықтар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген.
БЕРДИЯР ҚАДЫРБЕКОВ, ДӘРІГЕР-ЭНДОСКОПИСТ
Экран арқылы көрсетілетін анық бейне арқылы ісікті дәл анықтауға мүмкіндік бар. Мұнда диагностикалық сапаны жақсартатын, деректерді жазып беретін цифрлық шешімдер орнатылған. Экранда жоғары сапалы кескіндер көрсетіледі, бұл ісіктің анық көрінуіне жағдай жасайды. Процедура өте жылдам, жазба сақталады және пациентке диск беріледі.
Ашылу салтанатына Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорти қатысып, бүгінгі бастаманы елдегі денсаулық сақтау саласына деген зор жанашырлық деп бағалады. Диагностикалық орталықтың мүмкіндіктерін көзбен көрген ол мегаполистегі медициналық мүмкіндіктерге жоғары баға берді.
САЛЛИ АКСУОРТИ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ
Мен барлық ауруханаларда болмадым, бірақ осы орталықтың өзі көңілімді көтеріп отыр. Мұндағы жаңашылдық — медицина саласындағы үлкен жетістік деп білемін.
Шымкенттегі орталықтың ашылуы 2024 жылы Орал мен Алматыда басталған жұмыстың жалғасы, – дейді мамандар. Жаңа диагностикалық мүмкіндіктер ел азаматтарының заманауи технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі күнге дейін Алматыдағы орталықта 2000-ға жуық пациент тегін скринингтен өткен.