Халықаралық инвестициялық форумға келген шетелдік инвесторлар Түркістандағы тарихи-мәдени нысандармен танысты. Делегация сапарын қазақ руханиятының жауһары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, киелі қаланың тарихымен кеңінен танысты.
Форум қатысушылары өңірдің тарихи жәдігерлері мен мәдени орталықтарының жұмысымен танысу мақсатында «Ұлы Дала Елі» музейі мен «Керуен Сарай» көпсалалы кешенін аралады. Сондай-ақ «Этноауыл» кешеніне барып, ұлттық дәстүр, қолөнер және халықтық өнердің ерекшеліктерін тамашалады. Алпауыт компания басшылары Түркістанның мәдени әлеуетін, туристік мүмкіндіктерін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеді. Айта кетейік, Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемдік компаниялардың өкілдері қатысты. Форум аясында өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше жоба бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалып, оларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды. Халықаралық форумның негізгі мақсаты - Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды арттыру және әртүрлі бағыттағы өндіріс орындарын дамыту.