Қала әкімі шаһардағы маңызды экологиялық жобалардың бірі - Қошқар ата өзенін абаттандыру барысымен танысты. Жоба аясында ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын өзен арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өзен арнасын қоқыстан тазарту, жағалауды нығайту және табиғи су ағымын ретке келтіру бойынша кешенді шаралар жоспарланған. Сонымен қатар өзен бойында заманауи инфрақұрылым қалыптастырылуда. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар мен энергия үнемдейтін шамдар орнатылуда, сондай-ақ сегіз жаяу жүргінші көпірін салу қарастырылған. Бүгінде 70 жарық шам орнатылып, тұрғындардың қолайлығы үшін үш жаяу жүргінші көпірі пайдалануға берілді. Атқарылып жатқан жұмыстар жауын-шашын кезінде су басу қаупін азайтып, қала тұрғындарына қауіпсіз, жайлы әрі көркем демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Байтұрсынов көшесін абаттандыру және көгалдандыру барысы тексеріліп, «Қызылжар-2» шағынауданындағы инженерлік инфрақұрылым жүйесін іске қосу жұмыстары да назарға алынды.
АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА
Биыл көктемде Абай ауданы тұрғындарымен өткен көшпелі кездесуде шағынаудан тұрғындары ең өзекті мәселенің бірі — инженерлік инфрақұрылымның жоқтығын атап өткен еді. Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі бұл мәселені қысқа мерзімде шешіп, тұрғындарды қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етуді тапсырды. Жобаның бірінші кезеңінде Алқап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Тереңөзек және Көлкент көшелерінде ауыз су, электр желісі және газ тарату жүйесі жүргізілді. Бүгінде 265 үй тұрақты ауыз су және электрмен қамтылып, табиғи газға қосылған. Жобаның екінші кезеңі келесі жылы басталады. Сонымен қатар Шұбаркөл көшесін асфальттау және Қазиев көшесін ашу жұмыстарының барысы бақылауға алынды. Жол төсемінің сапасы, технологиялардың сақталуы және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару тапсырылды. Аралау соңында қалалық зообақта жүргізіліп жатқан жаяу жүргіншілер жолының абаттандырылуымен танысты. Бұл жұмыс келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.