Қара күз ауру-сырқаттың қозатын кезеңі. Осы мезгілде халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамту өзекті мәселе. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бірлесіп мәселенің шешу жолдарын талқылады. «Халықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет» атты жиында бас біріктірді.
Басқосуға медицина және фармацевтика саласының мамандары, өндіріс кәсіпорындарының жетекшілері қатысты. Жиын барысында мемлекет басшысының жолдауында айтылған медицина саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Жолдауда айтылған негізгі тұжырымдар мен месcедждерді қоғамға ілгерілету кезінде мақсатты аудиториямен тақырыптық кездесулер кестесі іске асырылуда. «Химфарм» АҚ өндіріс және инвестициялық жобалар жөніндегі директоры Сефи Караев инвестиция салудың фармацевтика саласы мен халық денсаулығына әсерін жеткізді. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нияз Кемал Айдарұлы медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз ету жолдары мен қазіргі қиындықтар жайлы баяндады.
РАУШАН ҚОЗЫКЕЕВА, ОҚМА ФАРМАЦИЯ ФАКУЛЬТЕТІ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Отандық дәрілердің пайызы өскен сайын елдің қауіпсіздігі де нығая түседі. Елдің мықтылығы тұрақтылықта. Ішкі қажеттілігімізді қанағаттандыра білу маңызды. Бізге қазір фармация саласын дамыту керек. Мамандарды даярлау сапасын жоғарылату маңызды.