Қалалық экология департаменті автоматты бақылау жүйесінің жұмысын тексеру мақсатында цемент зауытына барды. Бұл жүйе кәсіпорын құбырларынан шығатын түтін мен газ мөлшерін тәулік бойы өлшеп, деректерді Экология министрлігінің базасына жіберіп отырады. Мамандар кәсіпорынның техникалық жағдайын бақылап, өндіріс қуатымен танысты.
Өндіріс орындарына орнатылған автоматты жүйе күкірт диоксиді, көміртек оксиді мен ауадағы шаң мөлшерін өлшейді. Сонымен қатар газдың температурасы, қысымы мен көлемі де бақылауда болады. Барлық мәліметтер арнайы жүйеге автоматты түрде тіркеліп, белгіленген нормадан ауытқу анықталған жағдайда бірден дабыл беріледі.
ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жылына шығарындылары 500 тоннадан асатын мекемелерге датчик орнату міндеттелген. Бұл мекемеден бөлек Шымкентте тағы төрт мекеме бар. «Шымкентцемент», «Стандартцемент», «З-Энергоорталық», «ПетроКазахстан Ойл Продакст» кәсіпорындары. Тіркелген деректер базаға бірден түсіп отырады.
Қаладағы ең ірі цемент өндірушілердің бірі саналатын бұл кәсіпорын жыл сайын айтарлықтай көлемде өнім шығарады. Өндіріс көлемінің жоғары болуы атмосферлық ауаға түсетін жүктеменің де артуына себеп болғандықтан, мұнда орнатылған автоматты бақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі маңызды.
РУСЛАН ИСАБАЕВ, «HEIDELBERG MATERIALS KAZAKHSTAN» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Автоматтандырылған жүйе 2022 жылы орнатылды.2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ақпарат беріле бастады.Қалдық әлі қысқарған жоқ.Себебі, біз барлық талаптарға сай жұмыс істейміз.Жыл сайын басқармадан рұқсат аламыз.Қалдықты азайтуға барынша күш салып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, мұндай ірі зауыттарда аталған бақылау жүйесі шешуші рөл атқарады. Процестің экологияға әсерін азайтып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға септігін тигізеді.