Көсемсөздің шебері, классик жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл. Мерейтой аясында қалагер шығармашылығына арналған «Мақамы бөлек Мархабат» атты жинақ жарық көрді. Кітапқа естеліктер, ғылыми мақалалар мен толғаныстар енген.
Биыл ақпарат айдынына «Мархабат» атты әдеби журнал қосылды. Ал көктемде «Мақамы бөлек Мархабат» атты халықаралық симпозиум өтті. Оған Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан Жазушылар Одағының басшылық құрамы, айтулы қаламгерлері қатысты. Облыс көлемінде ұйымдастырылған «Мархабат оқулары да» бірнеше айға созылып, 700-ден аса талапкердің басын біріктірді. Талантты драматург Нұрғали Ораз жазушы тұлғасын танытатын сахналық пьеса жазды. Ғалымжан Елшібайдың сөзінше, қойылым келесі жылы сахналанады деп жоспарланып отыр.
СПИКЕР: ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ, ЖУРНАЛИСТ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
– «Еліміздің 9 өңірінен талапкерлер қатысқан шығармаларының байқауы өтті. Одан бөлек облыс көлемінде «Мархабат» оқулары өтті. Әртүрлі іс-шаралар өтіп келеді.»
"FARAB" әмбебап ғылыми кітапханасында жаңа жинақтың таныстырылымы өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен жазушының шәкірттері, қаламдас достары қатысып, есті естеліктерін айтты.
НЫШАН БАЙҒҰТОВ, М.БАЙҒҰТТЫҢ ІНІСІ
– «Біз кітап оқып өскенбіз. Ағамыз өмірден озғанымен оның шығармалары халықтың ортасында»
Туынды таныстырылымына облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, жазушы шығармашылығының одан әрмен насихатталатынын жеткізді. Саналы ғұмырын қазақ прозасының өркендеуіне, қоғам игілігіне сарқа жұмсаған қаламгер еңбектері кейінгі буынға үлгі болуы тиіс дейді ол.
ӘЗІМХАН ҚОЙЛЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Мархаббат ағамыздың өлмес дүниесін, еңбектерін жаңғыртып, насихаттап отыру бізге парыз деп білемін. Мұны біз іске асырамыз.»
Тек қазаққа емес, күллі түркі әлеміне танылған, мықтылығы мойындалған кемеңгер шығармалары әлем тілдеріне аударылған. Әлі де аударыла бермек. Мәселен, алдағы аптада Ташкентте өзбек тіліндегі аудармасының кезекті тұсаушешері болады деп күтілуде. Айта кетейік, Мархабат Байғұттың туындылары бұған дейін де өзбекшеге тәржімаланған болатын.