Биыл Шымкентте 414 өрт фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. Өрттен қаза тапқандар саны екі есе артып, жарақаттанғандар 20 пайызға көбейген. Қауіпті сейілтіп, оқыс жағдайлардың алдын-алу үшін төтеншеліктер өрт қауіпсіздік қағидаттарын түсіндіріп келеді.
Мамандар халыққа от жағу жүйелерін, газ құралдарын пайдалану кезіндегі сақтық талаптарын ұғындырып жүр. Құтқарушылар күн сайын қала аумағындағы көпқабатты үйлерді, жеке сектордағы баспаналарды аралайды. Әр отбасыға қауіпсіздік жадынамаларын таратып, мұржалары мен қондырғыларын тегін тексерістен өткізеді.
РАУАН ОРДАБЕК, МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Мұржаларыңызды кемінде 2 айда бір тексерістен өткізіп, тазалап тұрыңыздар.»
Өрт мәселесімен қатар улы газдың да жойқын қауіпі бар. Сеспей қатыратын тажалдан сақтану үшін төтеншеліктер алдын-ала ескертетін газ сигнализациясын орнатуды ұсынады. Биыл құтқарушылар мыңнан аса әлеуметтік осал топқа жататын отбасыға тап осындай дабыл қаққыш қондырғыларын тегін орнатып берген.
АЙСҰЛУ МЕҢЛІБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Балалар келді. Тексеріп көрді. Рақмет.» «Басқа, алғыстан басқа ештеңе айта алмаймын. Жақсы бәрі!»
Мамандар пеш құбырларының желдеткіші, түтін тарту жүйесі, газ плиталары мен жылыту қондырғыларының жағдайын тексеріп, қандай кемшіліктер барын түсіндіріп береді. Қауіпті анықтаған жағдайда тұрғындарға дереу жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертеді.