Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шымкент қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатқан болатын. Қос чемпионды әуежайдан қала тұрғындары мен жанкүйерлер ъзор қошеметпен қарсы алды.
еркін күрес бойынша Қазақстан құрамасы бұл додада 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама қоржынына түскен жалғыз алтын медальді Шымкент қаласының спортшысы — Пернеш Шадияр жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Сонымен қатар, 86 келі салмақта сынға түскен Рсалы Сабыржан да жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Бұл жетістіктер — Шымкент қаласының спорт мектептері мен бапкерлер құрамының жүйелі жұмысының, сондай-ақ спортшылардың табандылығы мен шеберлігінің айқын дәлелі. Биылғы дүбірлі дода 2025 жылдың 15–26 қараша аралығында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде 80 елден келген 3000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша өзара бақ сынауда.
Шымкент қаласының әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы Сурдлимпиада жеңімпазы мен жүлдегерін халықаралық аренадағы жоғары нәтижелерімен құттықтап, алдағы додада сәттілік тіледі.