Түркістанда «Ата кәсіп - жастарға мұра» атты шеберлік сағаты өтті. Қолөнер шеберлері бас қосып, жастарға темір соғу, киіз басу сынды құндылықтарды насихаттады.
Басты мақсат - ұлттық қолөнерге қызығушылығы бар жастарды анықтап, қыр-сырын үйрету. Шеберлік сағаттары барлық 17 аудан, қалалар мен ауылдық округтерде ұйымдастырылып келеді. Қорытынды кезең облыс орталығында өтпек. Жыл соңында қатысушылар арасында байқау өтіп, үздіктерге қаржылай сыйлық табысталады.
АРУЖАН БЕРІКҚЫЗЫ, «ТҮРКІСТАН БОЛАШАҚ» ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ МАМАНЫ
– «Осындай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен дейміз. Себебі бідің ою-өректі, ұлттық болмысты насихаттап жатыр.»
Іс-шара барысында шеберлер темірден түйін түйіп, тігін өнерін жетік меңгерген мамандар киіз басты, құрақ құрады. Жастар жағы жұмыс барысын көз алмай бақылап, үлгі-өнеге алды. Қалмырза Әлібекұлы – ұлағатты ұстаз. Қолы қалт ете қалса ұлттық өнерге бас бұрып, зергелікпен шұғылданады. Білгенін өзгелерге де үйретіп, тәжірибесімен бөліседі.
СПИКЕР: ҚАЛМЫРЗА ӘЛІБЕКҰЛЫ, ЗЕРГЕР
– «Жастарға білгенімізді үйретіп жатырмыз. Кейінгі буын да осы өнерге қызығып, ұлттық болмысты әрі қарай жетілдірсе екен дейміз.»
Іс-шара соңында ұлттық өнердің дамуына үлес қосып, жастарға үлгі-өнеге көрсеткен бірқатар шебер марапатталды.