Түркістанда жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Қатысушылар өзара ой бөлісіп, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын талқылады. Жиын өңір жастарының кәсіби дамуына тың серпін берді.


 Соңғы жылдары өңірде жас мамандар қатары үздіксіз артып, кадрлық резерв қалыптасып келеді. Биыл жарияланған конкурстарға мыңдаған үміткер қатысып, үздік жастар мемлекеттік қызметке қабылданды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өңірлік кадр резервшілері арасынан 17 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Биыл мемлекеттік қызметтегі 858 бос орынға 1 437 үміткер қатысты. Оның ішінде 307 жас маман жұмысқа қабылданып, меритократия деңгейі  21,4%-ды құрады.


Форум әсерлі қойылыммен бастау алды. Сахналық көрініс жиынның негізгі мазмұнын айқындап, қатысушыларды адалдық қағидаттарын терең түсінуге шақырды.
СПИКЕР: ОРАЗКҮЛ АСАНҒАЗЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Мемлекеттік қызметке келдің бе? Онда сен ел алдында үлкен жауапкершілікті қолға алдың.Ал мұндай қасиетті ұғымды Алаш арыстарынан үйренсек болады.


Отан алдындағы қызмет – мемлекеттің тұғырын бекемдейтін тірек. Адалдықты ту еткен азамат көп болса, қоғам да, мемлекет те өркендейді. Сол себепті жастар арасында парасаттылық ұстанымын қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.


МҰРАТ ТЛЕУБЕРДИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
 Негізі, жас қызметшілердің міндеті-халыққа қызмет істеу.Біз адал азамат болу әліппесін үйретеміз.Жастарды да осыған шақырамыз.


Форум аясында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зардабын талқылап, сала ардагерлерінің тағылымды әңгімесін тыңдады. Спикерлер мемлекеттік қызметшінің этикалық келбеті мен жауапкершілік мәдениетін саралады.


ӘЛИХАН БАЙМЕНОВ, АСТАНА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ХАБЫ БАСҚАРУШЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
 Лауазым биіктеген сайын қызметшінің көкжиегі де кеңеюі керек.Лауазым биіктеген сайын сіздер ұстаздың міндетін де қоса алып жүресіздер.Білімге үздіксіз ұмтылу-мемлекеттік қызметшінің сипаты болуы тиіс.


Жиын соңында жас мамандар пікір алмасып, жаңа бастамаларды талқылады. Форум мемлекеттік қызметшілердің рухын көтеріп, кәсіби болашағына тың серпін берді.