Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шаяхметов пен Ерімбетов көшелерінің арасындағы жол учаскесінде аяқталған жұмысты көрді. Бұл қала тұрғындарының жол қозғалысын жеңілдетуге, кептелісті азайтуға және көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ Тұран ауданында кәсіпкерлік нысандарының қасбетіне орнатылатын террасалық және терезе маркиздерін шығаратын «MNE-Markiz» цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 1200 өнім өндіре алады. Жобаның маңызын атап өтіп, мұндай өнімдер қаланы абаттандыруда үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді. Бұл бағыттағы шешім ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, бизнеске қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек Абай ауданында А-2 айналма жолы мен «Нұршуақ» шағынауданының арасын жалғайтын жаңа жол құрылысының нәтижесін тексерді. Бұл бастама тұрғындарға ыңғайлы қатынауға мүмкіндік жасап, көше-жол қозғалысына түсетін жүктемені азайтады.