Ойнаймын деп от басып қалмаңыз. Қазір әлеуметтік желіде пранк түсіретіндер саны саңырауқұлақтай қаптап барады.Контентін жүргіземін деп қадірін қашырып, қала берді, қорқытып-үркітуді қызыққа айналдырғандарды қандай жаза күтеді? Ессіз еркеліктің арты  немен аяқталады? Әріптесім Аружан Самидин тарқатып айтады.


Қарапайым еңбек адамының ар-намысына тиіп, балағаттаған блогерлердің бұл әрекеті қоғамның қатаң сынына ұшырады. Қазір осындай ессіздікті «пранкқа»  балап, істің артын жылы жауып қоятындар көбейді. Бірі лифт ішіне «жалған мәйіт» әкеліп, тас қараңғыда тап келсе, енді бірі қолына тапанша ұстап кіріп, жұрттың зәресін ұшырады.


АЙДЫН АСҚАР, БЛОГЕР
 Мен бұл нәрсені құптамаймын.Бірақ, қоғамның өзі бұл нәрсені талап етіп отыр ғой. Блогерлер оңай атаққа жету үшін пранкты пайдаланып жатады.


 Орынсыз әзілге тоқтам қоя алмай жүргенде, кей желі қолданушылары жасанды интеллект көмегімен жалған бейне жасауды трендке айналдырып үлгерді. Қызық қуған жастардың сөзінен секем алған ата-аналар суреттің рас-өтірігін ажырата алмай дал.


НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады.Ақырында бала-шаға бұл пранк деп бейқам отырады.Бұл уақытта полиция шын көмекке мұқтаж адамға баруға үлгермей қалуы мүмкін.


Жеңіл әзілдің етек жайғанына жұрт та наразы. Олар орынсыз әрекеттің арты оңдырмай опық жегізетінін айтады.

-Айыппұл салынуы керек міндетті түрде. Бірден тоқтатып тастай алмаймыз.
-Мұны заңмен тоқтатпаса, пранкерлердің тоқтауы қиын.Заңмен тыйым салу қажет.


Желі қолданушылардың ессіздігін атқамінерлер ауыздықтауға кірісті. Министрлік пранк пен әлеуметтік эксперименттерді түсіруге заңмен тыйым салуды көздеп отыр.


АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ
Қазір пранк пен кейбір түсірілімдер рұқсатсыз жүргізіледі. Бұл  норманы біз талқылаймыз. Жұмыс тобы әлі құрылған жоқ.


Жыл басынан бері ойнаймын деп от басқан 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аңдамай әрекет еткендердің арасында 30 күнге дейін қамауға алынғандар бар.


ЕРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЗАҢГЕР
 10 тәулікке дейін қамауға алу немесе 10, 30 айлық есептік көөрсеткішке дейінгі айыппұл салынады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Күлдіремін деп бүлдіріп алып жүрмеңіз. Әзілдің де шеңберінен шықпаған жөн. Себебі, мұның соңы еркелік емес- есерлікке айналады.