Шымшаһарда жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы мыңға жуық операция жасалды. Құны шамамен 10 миллион теңгені құрайтын бұл оталар сақтандыру шеңберінде тегін ұсынылды. Бұл жайлы қалалық №2 ауруханада өткен баспасөз жиынында баяндалды.


Ерсұлтан Тұманбаев -Шымкент қаласының тұрғыны. Аңдаусызда орын алған жағдайдан ауыр зақым алып, ауруханаға жеткізілген. Жұмыс барысында жарақаттанған науқасқа әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін ота жасалып, қажетті көмек көрсетілді.


ЕРСҰЛТАН ТҰМАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Жұмыстың өзі қауіпті. МӘМС арқылы тегін ота жасалды. Енді аяққа тұрып келемін.»  «Жарақат салдарынан төсім жылжып кетті, өкпемде су бар еді. Дәрігерлер бәрін реттеп берді.»


Жыл басынан бері қалалық стационарларда 258 мыңнан астам науқас ем қабылдаған. Оның басым бөлігі сақтандыру арқылы қамтылған. Ауруханаларда бір жүрек, он жеті бүйрек трансплантациясы сәтті жүзеге асқан. Ал соңғы бес жыл ішінде 23 жасанды жүрек имплантациясы жүргізіліп, 77 миллион теңгені құрайтын күрделі оталар МӘМС есебінен қаржыландырылды.


АРАПКҮЛ ІЗБАСАРОВА, ӘМСҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Шымкент қаласында медициналық қызметті көрсетуге 140 млрд теңгеге дейін қаражат жұмсалды. Соның ішінде стационарда көрсетілетін қызметтерді 245 мыңнан астам адам алды. Олардың қатарында жоғары технологиялық қызметтер де бар.»


 Сақтандыру жүйесі кең көлемдегі медициналық қызмет түрлерін ұсынады. Оның ішінде профилактикалық бақылаулар, оңалту шаралары және диагностикалық тексерулер бар.


 ЕРКІН МЕДЕТОВ, №2 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
7 «Бұл аурухананың өзінде жыл басынан бері 100-ден астам науқасқа МӘМС жүйесі арқылы ота жасалды. Қазір жағдайлары жақсы. Өткен аптада 7 науқасқа операция жасадық.» «Оталардың бәрі қымбат, құны 6 миллион теңгені құрайды. Бірақ операциялар МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалып келеді.»


Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 177 медициналық мекеме бар. Оның 34-і мемлекеттік болса, қалғаны - жекеменшік клиникалар. Тұрғындар өзіне ыңғайлы медициналық қызмет көрсетушіні өзі таңдай алады. Бұл бәсекелестіктің артып, қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді.