Алаяқтар сіздің дауысыңыз арқылы анаңызға, әкеңізге немесе дос-жараныңызға хабарласып, ақша сұрайды. «Қиын жағдайға тап болдым, тез арада көмек керек» деп жүгінеді. Баласының дауысын естіген ата-ана шүбәсіз сеніп қалуы мүмкін. Осылайша сіздің дауысыңыз немесе видео бейнеңіз арқылы әккілер бірнеше адамнан ақша талап етуі ықтимал. Алаяқтар мұндай әрекетті қалай жасайды? Оның алдын алуға бола ма? Сюжеттен көріңіз.
ЖАҚСЫБАЙ ЖАРЫЛҚАСЫН, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
– «Қазіргі таңда барлығы Instagram-ға видео жүктейді.» «Қалайсыздар, достар? Мен бүгін осы жердемін» деп сөйлеген видеоны алаяқтар «маған шұғыл түрде ақша керек» деп өзгертіп қоюы мүмкін. «Туыстарына жібереді, жазылушыларына жібереді де, алдап ақша алады.»
Алаяқтарға алданып қалмас үшін мамандар күмәнді хабарламаға бірден сенбей, жіберушімен тікелей байланысып, ақпараттың рас-өтірігін тексеру керегін ескертеді. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтарға көбіне зейнеткерлер мен жастар алданады. Сондықтан мамандар оқушылар мен студенттерге арнап арнайы бағдарлама әзірлеген. Ойын түріндегі жоба «Қаржы сақшысы» деп аталады. Бұл компьютерлік бағдарлама жастар талабына сай дайындалған. Оқушылар ойнай отырып қаржылық сауаттылық, құқықтық негіздер және қауіпсіздік қағидаттарын меңгереді.
ДӘУРЕН ТҰРҒЫНБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
– «Қаржылық тұзаққа түспеу жолдары ойын түрінде көрсетіледі. Шымкент қаласындағы 296 мектеп пен 39 колледждің барлық компьютеріне бұл ойын орналастырылды.»
Мамандар жоба аясында «Алаң» мектебіне барып, оқушыларға ашық сабақ өткізді. Дәріс барысында сала мамандары жасөспірімдерге қаржылық сауаттылық пен алаяқтардан қорғану жолдарын үйретті. Оқушылар тың ақпаратты мұқият тыңдап, қажетті тұстарын түртіп алды.
АЙКӨРКЕМ МАХМҰД, ОҚУШЫ
– «Кең таралған мәселелердің бірі – фишинг, әлеуметтік желілердегі алаяқтық. Кейде тұрғындар өз таныстарына да алданып жатады. Мамандар бүгін бізге осы қауіптің алдын алу үшін қажетті нұсқаулықтар берді. Бұл — жастардың алданбауына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.»
Мамандардың айтуынша, тағы бір кең тараған алаяқтық түрі - ресми органдар атын жамылып қоңырау шалу. «Полицияданмын», «банктенмін», «әкімдіктенмін» деп хабарласып, «басынаңызға бәле келгелі тұр» деп қорқытып, телефонға келген құпия кодты айтуды талап етеді. Егер азамат ол кодты айтса, арамзалар банк шотын толық иемденіп кетуі мүмкін. Сондықтан мәселені телефон арқылы емес, ресми мекемеге барып нақтылап тексеру қажет.