Отырар ауданында Президент жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Тұрғындарға мемлекеттік маңызы зор құжаттың негізгі міндеттерін насихаттау үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді.
Кездесуде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Жолдауда айқындалған негізгі бағыттар мен міндеттердің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді азаматтар мен жастар қатысты.
МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
«Біздің негізгі бағдарымыз – Қазақстанды цифрлық мемлекет ету. Осындай ауқымды цифрлық жаңғыру сөзсіз халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Ел Президентінің алға қойған барлық міндеттерін іске асыру тек Үкімет пен Парламентке ғана емес, барлық азаматтардың ортақ ісі екенін түсінуге тиіспіз.»
Аудан жастары жолдау жүктейтін жауапкершілік пен міндеттерге қатысты көзқарастарын білдіріп, қоғамдағы рөлдеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.
ДІНМҰХАММЕД ӘБДІКЕРІМ, ЖАС БЕЛСЕНДІ
«Президентіміз жолдауында айтылған жастар жөніндегі қолдауы — біз үшін қуанышты жағдай.» «М. Жұмабаевтың ‘Мен жастарға сенемін’ өлеңіне екінші тыныс бергендей, Президенттің қолдауы жастарға үлкен серпін берді. Отырар ауданының жастары әрдайым Президент жолдауын қолдауға дайын.»
Кездесуде жолдау бойынша ауданда қолға алынған іс-шаралар мен жоспарлар айтылды. Жиын соңында Президент кеңесшісі тұрғындар қойған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.