Қоғамдық кеңес және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері шаһардағы жаңадан салынған бірқатар нысандарды аралады. Мұндағы мақсат – зиялыларды аймақтың экономикалық әлеуетімен таныстырып, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түру.


Қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер алдымен Қонаев даңғылының 2-кезеңі бойынша салынған жолайрыққа барды. Мұнда атқарылған жұмыстарды көріп, айналасының абаттандырылғанына көз жеткізді. Жалпы нысан 100 пайыз аяқталып, көлік қозғалысына ашылған.


ШАЛАТАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
 «Бұл жерді бұрыннан білеміз, өте үлкен кептеліс болатын. Шымкенттен Ташкентке қарай шығатын жолда. Енді ол кептелістер саябырситын сияқты. Қонаевтан тіке шығып кетуге мүмкіндік бар. Жалпы, қала басшылары қала ішіндегі жолдарға, қариялардың демалатын, балалардың ойнайтын орындарына қатты көңіл бөліп жатыр.»


 Одан соң зиялылар Қошқар ата өзеніндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жангелдин көшесінен басталатын бөлігінде 3,5 шақырымға созылған жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілген. Өзен жағалауын толыққанды демалыс аймағына айналдыру үшін 139 орындық орнатылып, энергия үнемдейтін 360 шам қойылған.


МҰРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Одан бөлек қоқыс жәшіктері орнатылды. Шеттерінің барлығы қоршалды. Бұл аумаққа 2025 жылы жұмыс басталған. Жоба құны – 1 млрд 400 млн теңге. Қазіргі таңда 90 пайызы аяқталып, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданында 100 пайыз аяқталды, Тұран ауданында 90 пайызы орындалды.»


 Ардагерлер абаттандырылған аулаларға да барды. Гагарин көшесі, 41-үйдің ауласында заманауи үлгіде салынған демалыс орнын көрді. Мұнда орындықтар мен жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ ағаш отырғызылып, газон егілген.


 ЖЕҢІСБЕК ТҰРҒАНОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚЫЗМЕТКЕРІ
 «Біздің климаттың ыстық болуына байланысты көгалдандыру мәселесі өте өзекті. Соңғы кезде осы бағытқа көңіл бөліне бастады. Мына тұрған жеріміз биыл ғана абаттандырылып, көгалдандырылыпты, бұрынғы ағаштардың арасы реттелген — бұл өте дұрыс. Дамыған елдерде көгалдандыру үлесі 50 пайызға дейін барады. Біздің қаламыз ең болмаса 15 пайызға жеткізсе деген халықтың өтініші бар. Қазір қаладағы көгалдандыру 4 пайыздан аспайды. Сондықтан осындай парктерге ерекше көңіл бөлу керек.»


ҚАБЫЛАН БАҒДӘУЛЕТ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Аудан аумағында ағымдағы жылы 5 аллея мен сквер салу жоспарланған. Олар Қабылбеков, Диваев, Гагарин, Арғынбеков және Бәйтереков көшелерінде орналасады. Сонымен қатар 32 абаттандыру жобасы қарастырылған. Оның ішінде балалар ойын алаңшаларын салу — 19, кешенді спорт алаңшаларын салу — 13.»


Қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер Базарық индустриалды аймағында орналасқан «Alsera kz» серіктестігінің жылыжай кешені құрылысымен танысты. Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның құрылысы 2024 жылы басталған. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты -155 мың тонна. Жалпы аумағы -650 гектар. Жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы құрылыс аяқталып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.