Шымкенттік «Жастар» театры Алжирде өткен халықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Ұжым шетелдік көрерменге француз драматургі Жан Ануйдың «Антигона» шығармасын ұсынған. Ашық аспан астында сахналанған қойылым көптің көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды.


«Антигона» - зұлымдық пен ізгіліктің қақтығысы, мейірім мен қатігездіктің тартысы. Шетелдік көрермен Қазақстандық актерлердің тілін түсінбегенімен, олардың ойынын дәл ұғынып, патшаның паңдығын, тоталитарлық жүйенің жосықсыз әрекетін бірден аңғарған.


МӨЛДІР АЙДАРҚЫЗЫ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
 – «Спектакльдің басталуына 4 сағат бар. Аншлаг. Таң қалдық, Қазақстанда мұндай аншлаг болмаған шығар деп…»  «Сөзді түсінбесе де, шыбынның ызыңы естілген жоқ.» «Спектакль аяқталғаннан кейін…»  «Поклон жасадық, көрермен орындарынан тұрып 15 минуттай шапалақ соқты. Кетпей қойды.»


Гран-при жүлдесінен бөлек, ұжым мүшесі Айым Онал «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Жас актриса үшін ашық аспан астында өнер көрсету қиынға соққанымен, бар күшін салып, образды толық ашуға тырысқан. Үздік атанарын күтпеген ол, нәтижені естігенде қуаныштан толқып кеткенін айтады.


АЙЫМ ОНАЛ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
– «Атымды атады. Түсінбей қалдым. ‘Шынымен мен бе?’ деп…» «Ол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.» «Біз әдетте сахнада түзу жерде ойнаймыз. Ол жақта құмның үстінде ойнау шыны керек қиын болды. Дегенмен қойылым жоғары деңгейде өтті.»


 Қойылымнан кейін шетелдік ұжымдар Қазақстандық театрмен әріптестік орнатуға ниет білдірді. Қытай, Бразилия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының өкілдері «Жастар» театрымен тәжірибе алмасуға ұсыныс жасаған.


РАСУЛ МЕДЕТОВ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
 – «Румыния мен Египеттің театр фестивальдеріне шақырту алды.»


Айта кетейік, «Жастар» театры желтоқсан айында балаларға арналған «Ұрланған жаңа жыл» қойылымын сахналайды. Мамандардың айтуынша, спектакль көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бүлдіршіндерді қиял әлеміне жетелейді.