Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ субұрқақтардың биылғы жұмысы мен келесі жылға жоспарлар жөнінде баяндамалар тыңдалды.
Жиында белгілі болғандай, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау күшейтілді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарды қоныс-колонияларға жіберу тоқтатылды. Шымкентте эпидемиялық маусым басталғалы бері 150 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін айтты. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда. Алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 150 мың доза вакцина сатып алынып, тәуекел топтарындағы адамдар тегін екпемен қамтылды. Оқушылар арасында аурушаңдықтың жаппай өсуі байқалмайды, мектептерде күнделікті таңертеңгі сүзгі жүргізіліп, оқушылардың дене қызуы өлшенеді.
Шымкентте 57 нысанда 86 субұрқақ жұмыс істейді. Оның 41-і – басқарманың қарауында. Жыл бойы субұрқақтар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеді. Бес субұрқақ қайта жөнделді, 93 сорғы агрегаты ауыстырылды, су жаңарту, санитариялық тазалау және техникалық қызмет көрсету жұмыстары тұрақты жүргізілді. Сонымен қатар, демеушілердің қаржысы есебінен жаңа 18 субұрқақ пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта олар көктемде қайта іске қосу үшін кезең-кезеңімен қысқы консервацияға қойылуда. Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және субұрқақтарды қысқы күтімге қоюды сапалы жүргізуді тапсырды.