3х3 (үште үш) баскетболдан ауыл командалары арасында Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында өткен сайыста жас санаты бойынша ұлдар мен қыздар командалары жеңімпаздарды анықтады.


 3х3 баскетболдан ұлдар мен қыздардың ауылдық командалар арасындағы ел чемпионатына 5 өңірден 90-ға жуық команда келген. Спортшылар жеңіске жету үшін бар шеберліктерін көрсетіп бақты.


 НҰРЛАН ТАТЕШЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
 – «Бұл бірінші рет емес, ауылдар чемпионатын өткізіп жатқанымыз. Бұдан алдыңғысы тамыз айында Сауран ауданында өтті. Облысымызда үште үш баскетбол жақсы дамып келеді. Жалпы командалардың жетпіс пайызын біздің облыс командалары құрайды.»


200-дан астам спортшының басын қосқан баскетбол жарысы төрт жас санаты бойынша ұйымдастырылған. Сайыстың басты мақсаты – ауыл спортын дамыту.


 – «Жалпы бұл чемпионат ауыл балалары арасында спортты дамыту үшін жасалып жатыр. Сонымен бірге 2026-да Ақтөбе қаласында ауыл командалары арасында ҚР ойындары өтеді. Бұл чемпионат іріктеуге көмектеседі. Сосын құрама команда жасақталады. Дайындықтың бірінші кезеңі деп айтуға болады.»


Түркістан облысында 3х3 баскетболының даму қарқыны жоғары. Чемпионат өңірлік командалардың дайындығы мен ауыл спортындағы серпінді өсімнің айқын көрінісі. Төрт санат бойынша да ұлдар мен қыздар арасында бірінші орынды түркістандық ауыл командалары иеленді.