Шардара ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінде аудан халқының 99,7 пайызы тіршілік нәрімен қамтылған. Ал Шардара тұрғындары ашық айдыннан алынатын суды тұрмысқа пайдаланып келеді. Осы орайда «Шардара топтық су құбыры» жобасы қолға алынып, арнайы су жинақтаушы резервуар құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта «Тама» жерасты су қорынан анықталған жерде 14 дана ұңғыма бұрғылау, тік құбыр салу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда 3 ұңғыма қазылып, құбыр тарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар ауыз суды жинақтаушы 500 текше метрлік 2 резервуардың бетон іргетасы құйылып, гидрооқшаулау жұмыстары орындалуда.
МҰХТАРХАН ӨТЕНОВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
«Бұл нысанның нәтижесінде Шардара қаласы бірінші кезекте таза, сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Шардара қаласына қарасты 21 елді мекен осы жоба аясында кезең-кезеңімен Достыққа дейінгі елді мекендерге су қосу жоспарлануда.»
«Тама» жерасты су қоры қаладан 38 шақырым жерде анықталған. Мамандар мұндағы тіршілік нәрінің қоры 25 жылға дейін жетеді дейді. Жалпы Шардара қаласы мен маңайдағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту үшін атқарылып жатқан жұмысқа 17 млрд теңге қарастырылған.
ЕРКЕБҰЛАН ҚАРАТҰНОВ, ШАРДАРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Өздеріңізге белгілі, біз ауыз суды ашық айдын көзінен аламыз. Кеңес дәуірінен бері сол жүйе арқылы Шардара су қоймасынан су тартылып, тиісті тазалаудан өткізіліп, қалаға беріліп келеді. Енді осы суды жерасты сумен ауыстыру мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 40 шақырым жерде Тама құдығы бар. Бүгінгі таңда сол құбырдың 13 шақырымы тартылған. Одан бөлек 14 шақырым қазба жұмыстары жүргізілді. Қазір диаметрі 560 мм болатын 10 шақырым полиэтилен құбыры дайындалып жатыр.»
Бұдан бөлек ұңғымалар, резервуар және су сору станциясы арасында құбыр төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ мұнда әкімшілік ғимарат та болады. Айта кетейік, нысан іске қосылғаннан кейін Шардара қаласы бойынша 6,5 мың абонент таза ауыз сумен қамтылатын болады.