Абай ауданындағы көшелер күл-қоқыстан тазартылып жатыр. Аудан әкімдігі әсіресе базарлардың айналасына көп көңіл бөлуде. Бұл жолы коммуналдық қызметкерлер Ақниет шағынауданындағы сауда кешенінің маңын тазартып, арық-атызды ашты.
Мейірімді көшесі базардың дәл қасында орналасқан. Тұрғындар мұнда келушілер көліктерін ішке кіргізбестен, көше бойына қойып кететінін айтады. Кейбірі үйіндегі қоқысын жол бойына тастап кетеді екен.
ШӘРИПА САДЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Базар жақын болғаннан кейін бізге қиын болып тұр. Машинаның келуі, мусордың тастауы - қиналып кеттік. Алқабилерді, әкімшілік органдарды шақырып, нәтиже күтіп отырмыз.
СЕРІНБЕТ МҰХАМБЕТҚАЛИ, ҚАЛАЛЫҚ АЛҚАБИЛЕР КЕҢЕСШІСІ
Алаш базарының ішіндегі автотұрақ қымбат болып тұр екен. Сағат сайын ақша қосылады екен. Сол себепті келушілер автокөліктерін мына жерге қойып жатыр.
Ал Абай ауданы әкімдігінің өкілі «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында базар маңында тазалық жұмысы жиі жүргізілетінін айтады. Қоғамдық тәртіпке бағынбайтындармен күресті күшейтіп, түсіндіру жұмыстары да жиілетілген.
ҚАНАТ КЕРІНБЕКОВ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және қала басшысы Ғабит Әбдімәжитұлының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Соның аясында халық пен кәсіпкерлерге қаламызды, көшелерді, қоғамдық орындарды таза ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңіз көргендей, көше бойына автокөліктерін бей-берекет қойып кеткен жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша тиісті шаралар атқарылып жатыр. Үлкен көшенің базар аумағында орналасуына байланысты келушілер көп. Келген халық көлігін қойып, қоқысты тастап кетеді. Бұл бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қала тазалығы шаһар басшысының тікелей бақылауында. Адам көп шоғырланатын орындар мен өзен-көл аймақтарында да тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.