Жедел жәрдем қызметкерлеріне күш көрсетіп, қысым жасайтын жағдайлар азаймай тұр. Кейбір азаматтар көмек кеш жетті деп айыптап, медицина мамандарын балағаттап, тіпті соққыға жығады. Әлеуметтік желілерде мұндай бейнежазбалар жиі кездеседі. Осы келеңсіздіктің алдын алу және бұзақылықты тию мақсатында Цифрландыру басқармасы жаңа бастама ұсынды.
Енді кеудеге тағылатын бейнебақылау жетондары тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, Шымкент қаласының жедел жәрдем қызметкерлеріне де берілмек. Құрылғы жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл медицина мамандарының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, көрсетілетін қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалада осындай 5 жетон бар. Басқарма қосымша тағы 5 құрылғыға тапсырыс берген. Олар жыл соңына дейін іске қосылады.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Егер булинг, балағат сөздер немесе басқа да заңсыз әрекеттер тіркелсе, полиция қызметкерлері жедел түрде әрекет етуі қажет.»
Биыл Цифрландыру басқармасы үшін нәтижелі жыл болды. Жыл басынан бері 150 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2500-ден астам адам қатысты. Нарыққа 7 стартап жоба шығарылып, IT мамандарына арналған 3 хакатон өткізілді. Ақпараттық шабуылдарға қарсы жүйе жетілдіріліп, бақылау қызметі күшейтілді. «Робопарк» жобасы аясында 180 оқушы заманауи технологиялық білімді тегін әрі сапалы меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, жұмыс өнімділігі артты. Ерекше мүмкіндіктерге ие әуе дрондары да іске қосылды. Олар заңсыз құрылыс объектілерін анықтап, өрт қаупі туралы жедел ескерту жасайды.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Дрондар заңсыз құрылыс, жерді заңсыз иемдену, абаттандыру, тазалық және өрт қауіпсіздігі бойынша сараптама жүргізіп, ескерту береді. Алайда өртті сөндірмейді.»
Айта кетейік, қала аумағында мобильді және кабельді интернет желілерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Мұхит Кемеловтың айтуынша, екі жыл бұрын Шымкентте мобильді интернет сапасы төмен 147 осал аймақ болған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде олардың саны 29-ға дейін азайған. Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында жалғасып, басқарма басшысы журналистердің сауалдарына толыққанды жауап берді.