Енді МӘМС есебінен созылмалы аурулары бар азаматтар да тегін емделеді. Бұл жаңа жүйе тұрғындар үшін оңай әрі қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, D және Е санатына жататын азаматтар автоматты түрде сақтандыру мәртебесіне ие болады. Ал соңғы бес жыл бойы сақтандыру жарнасын тұрақты төлеп келген тұрғындар қандай да бір қиындыққа тап болса, сақтандыру мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Жүйеге енгізілген өзгерістер жайлы тілші тарқатады.
Сапарбек Исаев- Шымкент қаласының тұрғыны. Міндетті жарнаны тұрақты төлеп келе жатқан азамат медициналық көмекті тегін алып жүр. Сақтандырудың шарапатын көрген тұрғын жылына бірнеше рет №7 емханаға келіп, ем қабылдап тұрады.
САПАРБЕК ИСАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Дәрігерлердің алдына кіріп, тексеріліп, тегін дәрі-дәрмек аламыз. Мұның барлығы МӘМС жүйесінің арқасында жүргізіліп жатқан шаралар.
2026 жылдан бастап Қазақстанда жұмыссыз азаматтар да Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық қызметтерді тегін пайдалана алады. Жаңа тәртіпке сәйкес, табысы жоқ азаматтардың сақтандыру жарнасын мемлекет өз есебінен қаржыландырады. Сондай-ақ, онкологиялық скрининг міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінен тегін медициналық көмек қатарына ауыстырылды. Ал созылмалы дертке шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі.
НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, №7 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС пакетіне созылмалы аурулар да енгізілді. Атап айтқанда, қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП), ревматизм және өзге де аурулар бойынша дәрігер кеңестері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және ем шаралары толықтай МӘМС есебінен көрсетіледі.
Сақтандыру жүйесі кең көлемдегі медициналық қызмет түрлерін ұсынады. Оның ішінде профилактикалық бақылаулар, оңалту шаралары және диагностикалық тексерулер бар.