Еңбек адамы — көзге көріне бермейтін, бірақ қоғамның тірегіне айналған тұлға. Олардың табанды еңбегі даңқ үшін емес, адам үшін жасалады. Күн сайын бір қалыпты көрінетін жұмыс артында үлкен жауапкершілік, төзім мен адалдық жатады. Осындай үнсіз еңбек иелерінің бірі — қан орталығында қызмет ететін мейірбикелер.


Қан орталығы. Бұл жер — өмір мен үміт тоғысқан мекен. Мұнда күн сайын адам өмірін сақтауға үлес қосып жүрген жандар бар. Олар — қан орталығының мейірбикелері. Мейірбике үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Әр донормен тіл табысу, әрбір процедураны аса ұқыптылықпен орындау — үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі алынған әр тамшы қан біреудің өмірін сақтауы мүмкін.


МӘНШҮК ОРДАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА МЕЙІРГЕРІ
 Бұл жерде донорлардан қанды қабылдап алып, осы температурада сақтап тұратындай осы ыдыста ұстаймыз. Ары қарай оны дәрігерлерге табыстаймыз.


  Мәншүк Ордаеваның мейірбикелік қызметте жүргеніне 37 жыл. Соның 25 жылын қан саласына сарп еткен. Ол қан орталығындағы  донордың көңіл күйін байқап, қорқынышын сейілтеді, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайды. Көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбек дәл осы жерде атқарылады.


МӘНШҮК ОРДАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА МЕЙІРГЕРІ
 Некше түрлі науқастар болады. Соларға қарап қуанамыз, солармен бірге қайғырамыз. Кейде баласының сауығып кеткенін көрген аналарды көргенде соларомен қосылып жылап аламыз. Өте қызық жұмысымыз. Өзімізден кейінгі жас мамандарға осының бәрін үйретіп отырамыз.


Қан орталығындағы мейірбикелер үшін уақытпен санаспай еңбек ету — қалыпты жағдай. Түнгі кезекшілік, демалыссыз күндер — бәрі де адам өмірі үшін.


ЖАДЫРА АМАЛБЕКОВА, ЗЕРТХАНАШЫ
Бұл жерде басында көп нәрсені шатастырдым, көп жаңылдық. Қазір жастарға үйрентеміз. Жұмысымыз қиын. Үлкен жауапкершілікті талап етеді.


Қан орталығының мейірбикелері — қоғамдағы шынайы еңбек адамдары. Олардың қолындағы бір шприц, бір жылы сөз — бір адамның жаңа өмірі.