Озат жастар марапатталды. Қоғам ісіне белсене араласып, өз саласын жетік меңгерген 20 азамат жыл жүйрігі атанды. Жүзден жүйрік шыққандарды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы құттықтап, «Жыл үздігі» статуэткасын табыстады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Бұл жастар өз саласында үлкен еңбегімен, жауапкершікпен, нақты жетістіктерімен ерекшеленіп отыр.» «Жақсы білім алып, жақсы еңбек етсеңіздер қоғам да одан әрі дами түседі. Бәріміз жұмыла еңбек етсек.»
Үздік студент деп танылған Сая Сиқым – облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Қоғам ісіне белсене араласатын ол бос уақытын текке өткізбейді. Сабақтан тыс уақытта мүдделестерді ұжымдастырып балалар үйіне барады. Бүлдіршіндерге көңіл-күй сыйлап, жанын жадыратады. Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созады. Жуырда Сая «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына жоба ұсынып, қайтарымсыз гранд ұтып алды. Енді ол әлеуметтік желіге арнайы контент жасап, ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Салт-дәстүрді насихаттайды.
САЯ СИҚЫМ, «ЖЫЛ ҮЗДІГІ – 2025» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
– «Қоғамдағы оқиғаларды сыртынан бақылап қана шектелетін тұлға емес, ол оқиғалардың алдында жүретін адам болғым келді. Сол себептен де белсенді болуды таңдадым. Белсенді болу деген ол беталды іс-шараларға қатыса беру емес, ол біз құрғымыз келетін азаматтық қоғамға жастардың үлес қосуына ықпал ету деп түсінемін.»
Ал Рахат Арғынбай жылдың «Ең үздік жас мұғалімі» атанды. Ұстаз деген ұлы атқа дақ түсірмей, шәкірт санасына сапалы білім сіңіріп жүрген маман елдік мәселелерге де белсене үн қосады. Республикалық пікірсайыс турнирлеріне қатысып, сана мәрте жеңімпаз атанған ол оқушыларын да еркін әрі озық ойлауға бағыттап келеді. «Талант 1» мектебіне жетекшілік жасайтын Рахат, ғылми конференцияларды жиі ұйымдастырып, ұжымдас біліктілігін ұштап отырады. Соның арқасында ол тізгіндеген білім ошағы қаладағы ең үздік мектептердің қатарына қосылған.
РАХАТ АРҒЫНБАЙ, «ЖЫЛ ҮЗДІГІ – 2025» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
– «Республикалық байқауларда жеңімпаз атандым. Шәкірттерім де үмітті ақтап, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.»
Мехринисо Абдурашидова – «Үздік пікірсайысшы.» Сөз қадірін өз қадірім деп ұққан студент қаладағы «Ақиқат» дебат ұйымына мүше. Көп алдында іркілмей, еркін әрі сенімді сөйлеу дағдыларын игерген ару биыл Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында өткен байқауларда топ жарған. Айтар ойын нақты дереккөздерге сүйеніп, пікірін жүйелі жеткізетін ол өз ортасында көшбасшы. Жұрты ауызға қаратып, өтімді сөйлеу үшін «көп сөйлеу емес, дөп сөйлеу маңызды» дейді кейіпкеріміз.
МЕХРИНИСО АБДУРАШИДОВА, «ЖЫЛ ҮЗДІГІ – 2025» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
– «Бұл нәрсе менің мамандығыма да өте үлкен көмегін тигізді. Жаңа идеялар сыйлады. Қазір осы дағдымды сценарий жазу шеберлігімен ұштап жүрмін. Бұл жыл мен үшін расымен де өте өнімді жыл болды.»
Жыл үздігі байқауына биыл 250-ге жуық өтінім келіп түскен. Түрлі сала саңылақтарынан құрылған комиссия үміткерлерді жіті бақылап, жұмыстарды май шаммен қарады. Белгіленген критерийлерге сай келген 20 азамат іріктеліп, жүзден жүйрік атанды.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
– «Үміткерлерді іріктеу комиссияға да оңай болған жоқ. Үйткені бірінен-бірі өткен жүйріктер қатысты.»
Марапаттау шарасы концерттік бағдарламаға ұласып, мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетті.