Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері мен мәслихат депутаттары бірлесе отырып, қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды кезекті рет аралады. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов бастаған депутаттар мен кеңес мүшелері медициналық ұйымды, бірқатар кәсіпорындарды және сауда кешеніндегі жұмыстарды аралап көрді.

Жиналған көпшілік алдымен №1 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі жағдайымен танысты. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде клиникалық ауруханада кезекті 245-ші бүйрек трансплантациясы сәтті өткізілді. Бұл операция шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен заманауи медициналық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейін, сондай-ақ трансплантология саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін айқын көрсетеді.

БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Бауыр ауыстыру операциялары да жасалып жатыр. Одан бөлек, көптеген күрделі оталар жүргізілуде. Алғаш рет Шымкентте аутотрансплантация, яғни өз бүйрегін алып, қайтадан өзіне салу отасы сәтті аяқталды. Қазіргі таңда науқас бірнеше күннен кейін үйіне шығарылады.

 Қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары одан әрі сауда-логистикалық орталық аумағында орналасқан «Coca-Cola Kazakhstan» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл – ірі өндіріс. Оның салығы Шымкент қаласының бюджетіне түседі. Ал бюджет қаражаты халық игілігіне жұмсалады. Осындай кәсіпорындар қалада көптеп ашылуы керек.

Кәсіпорын сағатына 48 мың литр тәтті сусын өндіреді. Coca-Cola-дан бөлек, Fusetea шайы да Шымкентте шығарылады.