Мегаполисте жыл басынан бері мемлекет мұқтажы үшін жалпы 398 жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. Жалпы алаңы 137,4 гектарды құрайтын жер телімдерінің иелеріне мемлекет тарапынан 7,5 млрд теңге өтемақы төленді. Жер қатынастары басқармасының ағымдағы жылдың 11 айында атқарған жұмыстары келесі бейнематериалда.


2025 жылы басқармаға жергілікті бюджет есебінен 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға бағытталған. Басқарма басшысы бөлінген бюджетті толық игергенін айтты.


 АЗАТ ИСЛАМОВ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Оның ішінде 387 млн 608 мың теңге басқарманың ішкі шығыстарына бөлінсе, қараша айындағы жоспарға сәйкес 340 млн 782,1 мың теңге игерілді. Яғни, игеру көрсеткіші 100%-ды құрады.


Биыл басқармаға жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардан 7140 кіріс хат тіркелген. Оның 3299-ы арыз-шағым болса, 3841-і мемлекеттік мекемелердің хаттары. 6307 шығыс хат жолданып, тиісті жауаптар берілді.


АЗАТ ИСЛАМОВ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Басқармаға 9 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 38 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың барлығы уақытылы қаралды, кейбір өтініштердің қаралу мерзімі ұзарған жағдайлар болды.


Мегаполисте мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған барлық жер учаскелеріне өтемақы төленген жоқ. Жалпы алаңы 9,71 гектарды құрайтын 51 жер учаскесіне тең бағалы жер телімдері берілді. Уақытша пайдалану құқығындағы 11 жер учаскесі сот шешімімен өтемақысыз қайтарылды. Ал алаңы 247 гектарды құрайтын 8 жер учаскесі жер иелерінің өз еркімен бас тартуына байланысты өтемақысыз мемлекетке қайтарылған.