Шымкенттің бас алаңындағы жаңа жылдық шырша ақпан айында белгіленген жерге қайта отырғызылады. Астана алаңындағы өзге ағаштар да қала экологиясын жақсартуға үлес қосады. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін көпқабатты тұрғын үйлердегі ескі жеделсатылар ауыстырылып жатыр. Осы және өзге де маңызды ақпараттарды қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты.

 Шымкентте жоғары технологиялық медициналық көмек қарқынды дамып келеді. Биыл медициналық ұйымдарда 1 140 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Бұл өңірде күрделі медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, мамандардың кәсіби деңгейі мен техникалық мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Биыл 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалған.

Сондай-ақ мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Сәрсен Абайұлының айтуынша, биыл 25 білім ошағында арнайы стоматологиялық кабинеттер қажетті құрылғылармен жабдықталады. Жалпы 2028 жылға дейін 187 тіс емдеу кабинеті ашу жоспарланған.

 БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда ресми өкіл әлеуметтік желіде жазылған сын-пікірлерге де тоқталды. Сынның басым бөлігі жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласқа қатысты. Астана алаңындағы бас шыршаның мерекеден кейінгі тағдырына байланысты қойылған сұраққа да жауап берді.

Биыл 22 көпқабатты үйдің жеделсатысы ауыстырылған. Әл-Фараби ауданында бір үйдің лифті жаңартылса, Қаратау ауданында 25 үйдің тұрғындары қауіпсіз жеделсатыларды пайдаланады.