Мегаполисте ай санап ауқымды сауда нысандары мен өндіріс орындары ашылып, ел игілігіне берілуде. Бизнес нысандары қаланың әлеуетін арттыруға оң ықпал етіп келеді. Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері жаңа жобалардың жұмысымен танысты.
Арнайы топ қаладағы ең ірі көпфункционалды қойманы тамашалады. Нысан аумағы 22 мың шаршы метр. Оның 6 мың шаршы метрі мұздатқыш аумақты құрайды. Жоба құрылысына 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қойма жеміс-жидектен бастап түрлі азық-түлік тауарларын сақтауға арналған.
АЙЖАН НАЙЫМБЕКОВА, ҚҰРЫЛТАЙШЫ
Жеміс-жидек дейміз ғой, соның бағасын тұрақтандыру үшін сақтаймыз. Өзіміздің «Грамад» деген сауда желіміз бар, соған тауар сақтаймыз. Пияз, картопты өзіміз егеміз, өзіміз өндіреміз. Қостанайда егіп, осы жерге жеткіземіз.
Халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелері DALA MALL сауда орталығының құрылысымен де арнайы танысты. Нысан аумағы 48 мың шаршы метр. Жаңа жылдан бастап іске қосылатын сауда орталығында 2 мың адам жұмыспен қамтылады.
АБДУҚАХАР ПАЙЫЗАХМЕТОВ, ҚҰРЫЛТАЙШЫ
Ниетімізге жетіп жатырмыз. Халқымызға қызмет етсек деген мақсатымыз бар. Адамдар ойнап-күліп, демалатын орын болса, қаламыздың көркіне көрік қосылса дейміз. Балалар ойнайтын жер, кинотеатр, келушілер іздегенін табатын нысан салып жатырмыз.
DALA MALL сауда орталығында аумағы 6 мың шаршы метр болатын ойын алаңы салынып жатыр. Балаларға арналған жабық алаң Орта Азиядағы ең ірі әрі ең биік нысандардың бірі болмақ. Сауда орталығындағы ойын-сауық аймағы мегаполис балаларының сүйікті мекеніне айналады.