Бүгін Шымшаһарда Президент шыршасының шамы жағылды. 300-ге жуық бүлдіршінді қамтыған думанға қала әкімі арнайы келіп, балғындарға сыйлықтар үлестірді. Мерекелік шараға әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балалар мен оқуда озат атанған оқушылар қатысты.
Жаңа жылды ерекше үмітпен қарсы алатындардың қатарында Аяла Жайлаубай да бар. Бүлдіршін бүгінгі салтанатты шарада өз өнерін ортаға салып, Мемлекет басшысынан сыйлық алатынына дән риза.
АЯЛА ЖАЙЛАУБАЙ, ОҚУШЫ
Иә, мен бұл күнді өте қатты күттім. Мен анаммен келдім.Көңіл-күйім өте тамаша, керемет.
Мерекелік жиында қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы бүлдіршіндерге Президенттің құттықтау хатын оқып беріп, бағалы сыйлықтар табыс етті. Балғындарды жаңа жылмен құттықтап, мемлекеттің көрсетіп отырған айрықша қамқорлығын атап өтті.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа жылда барлық армандарыңыз орындалсын.Сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар.Ал біз өз тарапымыздан сіздердің өркендеп, өсулеріңіз үшін барлық жағдайда жасаймыз.
Ертегі әлеміне енген балалар әуелете ән шырқап, мейрамды шат-шадыман күйде атап өтті. Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған қойылым ұсынылып, қызықты интерактивті ойындар мен көңілді музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды.
ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
300-ге жуық бала қатысты.Президенттің атынан құны 120 мың теңге тұратын планшет сыйға тартылды.Іс-шара барысында түрлі қызықты байқаулар өтеді.Жеңімпаздарға кішігірім сыйлықтар табыстаймыз.
Игі дәстүрге айналған бұл мерекелік шара жас буынның шығармашылық әлеуетін арттырып, әрдайым татулықты ту етіп ұстауға тәрбиелейді,-дейді ұйымдастырушылар.