«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттеріне – 35 жыл. Қос басылым 1990 жылғы 21 шілдеден бастап оқырманға жол тартқан. Осы уақыт ішінде ақпарат айдынында өзіндік орны бар, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Мерейтой аясында газет ұжымы «Тәуелсіздік идеясы және қазақ баспасөзі» тақырыбында форум өткізді. Жиында ұлттық баспасөздің тәуелсіздік рухын қалыптастырудағы маңызы мен қазіргі медианың өзекті бағыттары талқыланды.


 «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері 35 жыл бойы мегаполистің өркендеуіне атсалысып, өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп келеді. Тәуелсіздікпен бірге дамыған басылымдар аймақтың айнасына айналып, талай кәсіби журналисті тәрбиелеп шығарды.


АСХАН МАЙЛЫБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ
Мен бұл газетте 2016 жылдан 2022 жылға дейін жұмыс істедім, арасында аздаған үзіліс болды. Газет мазмұндық жағынан өте сапалы, терең талдауларымен ерекшеленетін, оқырманы көп басылым еді. Қалада ғана емес, кезінде аймаққа кеңінен тараған. Жастар көп жұмыс істеді, ал жастар жүрген жерде идея да көп болады. Айгүл Қаппарованың басшылығында таралымы да артып, сапасы өте жоғары болды.


35 жыл ішінде қос басылымды оннан аса білікті басшы басқарды. Алғашқы редактор — Жұмамұрат Тұяқбаев. Ол 1995–1998 жылдары газет таралымын 25 мыңнан асырды. Ал белгілі журналист Бақтияр Тайжан 2019–2021 жылдары қос басылымның директоры әрі бас редакторы қызметін атқарып, газет мазмұнын жаңғыртты.


БАҚТИЯР ТАЙЖАН, «ШЫМКЕНТ АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жемісі. Бүгінгі мерейтой құтты болсын. Кезінде Жұмамұрат Тұяқбаев басқарған тұста газеттің таралымы 25–30 мыңға жеткен. Қазір газетке жазылу азайғанымен, қаладағы және елдегі маңызды жаңалықтардың барлығын осы басылымнан табуға болады. Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген 35 жылдық мерейтойы құтты болсын, жұғысты болсын.


2010 жылы «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясы қала әкімдігінің қаулысымен «Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды. 2012 жылдың 13 наурызында «Шымкент ақпарат орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта ұйымдастырылды. Құрылтайшысы – Шымкент қаласының әкімдігі. Бүгінде редакцияда 35 адам қызмет етеді, қос газеттің жалпы таралымы – 10 мың дана.


 ДИНАР КЕРІМ, «ШЫМКЕНТ АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Әуелі басылым болғаннан кейін БАҚ-тың басты мақсаты – қаралым мен таралымды арттыру. Қазір 10 мың таралыммен шығып жатырмыз. Алдағы уақытта таралым аясын кеңейтіп, оқырман санын көбейтуді көздеп отырмыз. 2026 жылды «Шымкент ақпарат орталығы» үшін нәтижелі жыл болады деп сенеміз.


Газет ұжымының бүгінге дейін жеке ғимараты болмаған. Тілшілер жалдамалы нысандарда отырып, қала тынысын халыққа жеткізіп келді. Басылымның 35 жылдық мерейтойына орай, қала билігі редакцияға жаңа ғимарат сыйлады. Енді төл газеттің өз шаңырағы бар. Форумға қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұжымға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен қала әкімінің құттықтауын жеткізді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда қаланың орталығынан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттеріне арнайы ғимарат бөлінді. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жылу мен су жүйесін қосу сияқты ұсақ жұмыстар қалды. Жақын арада толық аяқтап, қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы арнайы келіп, ғимараттың кілтін «Шымкент ақпарат орталығы» басшылығына табыстайды.


Қос басылым өңірдегі журналистика шеберханасы саналады. Ұжым мүшелері әр жылдары түрлі додаларда үздік атанып, облыстық және қалалық «Үздік қалалық БАҚ» номинацияларының иегері болды. Журналистер бірнеше мәрте «Алтын қауырсын» сыйлығын жеңіп алған. Сонымен қатар, ұжым түрлі спорттық және қоғамдық шараларға белсенді қатысып келеді.