Созақ ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Заманауи спорттық-сауықтыру ғимаратының аумағы мың шаршы метрден асады. Нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ бокс пен күреске арналған жаттығу залдары бар. Бұл ғимарат ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына тың серпін бермек.

Спорт кешенінде қосымша медициналық және қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Ауыл қариялары өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты түрде айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік бермек.