Қала әкімдігі мен «Ауыл» партиясы жастарға арнап студенттер балын ұйымдастырды. Мегаполисте алғаш рет өткен мұндай кешке жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж студенттері қатысты. Олар жаңа жылдық вальс билеп, ән айтып, өнер көрсетті.

ШЫҢҒЫС СҮЛЕЙМЕНОВ, СТУДЕНТ
– «Вальске дайындыққа 5 күн уақытымыз кетті. Студенттер өз ұйымшылдығының арқасында осындай нәтиже көрсетіп отыр.» «Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтіп жатыр.»

Жаңа жылдық балға тек бірінші курс студенттері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара өзара байланысты нығайтып, достық қарым-қатынасты арттырады, мәдени тынығуға жол ашып, белсенді болуға шақырады.

ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Бірінші курстың бірінші сессиясы аяқталып жатқан кезде бұрын студенттердің арнау кеші болатын. Ал бұл – жаңа формат. Студенттер бір-бірімен жақын танысады.»

Назерке Қосбаева – бірінші курс студенті, студенттер альянсының мүшесі. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын ол мәдени кештерден қалыс қалмайды. Айтуынша, жаңа жылдық балға арнайы дайындалған. Өзге оқу орындарының студенттерімен танысып, достар қатарын арттырған.

 НАЗЕРКЕ ҚОСБАЕВА, СТУДЕНТ
– «Шымкент қаласында өтіп жатқан керемет кештердің бірі. Жүзі жылы жандармен танысып, достар қатарын еселедім.»

 Студенттер балында 9 жоғары оқу орны мен колледждің студенттері өнер көрсетті. Қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалап, жастардың өнеріне жоғары баға берді.