Шымкентте кітапқа құмар жастар көбейіп келеді. Қалада 7 жылда 650 кітап оқыған балақай тұрады. Үш тілде еркін сөйлейтін Әлтайырдың кітапқа деген қызығушылығы 5 жасынан басталған. Қазақ ертегілерін оқып өскен ол бүгінде шет тілдегі әдебиеттерді де еркін меңгерген. Жеті қырлы жеткіншек француз, неміс және түрік тілдерін үйреніп жүр. 12 жастағы білімпазбен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Әлтайыр Ерназаров 7-сыныпта білім алады. Зерек оқушы қатарластарынан көп кітап оқығандығымен ерекшеленеді. Бос уақытын тиімді өткізетін өрен спорт үйірмелеріне де қатысады. Шет тілдерін жетік меңгерген ол халықаралық тіл байқауларында жүлделі орындарға ие болған.
АХМЕДИЯР ЕРНАЗАРОВ, Ә. ЕРНАЗАРОВТЫҢ ІНІСІ
– «Менің ағам кітап оқығанды жақсы көреді. Маған “Дневник словақа” кітабы ұнады. Қазір соны оқып жүрмін.»
Әлтайырдың еңбекқорлығына достары да тәнті. Ол семсерлесумен кәсіби түрде айналысады, жүзу үйірмесіне де қатысады. Тығыз күн тәртібіне қарамастан, кітап оқуға уақыт табады.
СПАНДИЯР САПАРҒАЛИ, Ә. ЕРНАЗАРОВТЫҢ СЫНЫПТАСЫ
«Мен оны үзіліс кезінде де кітап оқып отырғанын көріп таңғаламын. Өзі спортпен айналысады, сабағы да жақсы. Үлкен кісілердің өзі Әлтайырдай көп кітап оқи бермейді. Мен де кітап оқимын, бірақ ол сияқты көп емес. Бір кітапты бір айда бітірсем, ол әлдеқайда жылдам оқиды.»
Мектеп кітапханашысының айтуынша, Әлтайыр - кітапханаға жиі келетін оқушылардың бірі. Әдетте ересектерге ауыр тиетін кітаптарды ол 2–3 күнде оқып шығады.
АЙГЕРІМ ӨТЕГЕНОВА, КІТАПХАНАШЫ
– «Әлтайыр күрделі кітаптарды да қызығып оқиды. Көбіне пікір алмасып отырамыз. Қандай жанрды ұнататынын білемін, соған сай кітап ұсынамын.»
«Жігітке жеті өнер де аз», – дейді кейіпкеріміз. Оның айтуынша, ХХІ ғасыр үздіксіз ізденісті талап етеді. Сондықтан білімге жауапкершілікпен қарау қажет.
ӘЛТАЙЫР ЕРНАЗАРОВ, ОҚУШЫ
– «Егер сен кітапты жақсы көрсең, осылай көп оқи аласың. Қалай бір ойынды жылдар бойы ойнай берсең, кітапты да үздіксіз оқуға болады.»
Полиглот бала күніне кем дегенде бір сағатын кітап оқуға арнайды. Демалыста да, жолда да, тіпті автобуста да әдеби шығармаларды оқиды. Қазір шетел әдебиеттерін электронды кітап платформалары арқылы меңгеріп жүр. Бүгінде Әлтайырдың бөлмесі шағын кітапханаға айналған.