Түркістан облысында сапасыз салынған 44,5 км жол қайта төселді. Бұл -Өзбекстан шекарасымен түйісетін республикалық маңызы бар трасса. Нақтырақ айтсақ, «Жизақ – Гагарин – Жетісай – Киров – Қызыләскер – Сарыағаш – Абай – Жібек жолы» автомобиль жолының 144–156 және 197–220 шақырым аралығы.
Осы жазда жолаушылар жаңадан төселген жолдың толқынданып кеткенін көрсетіп, әлеуметтік желіде жариялаған еді. Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының инженері Нұржан Әшірматтың айтуынша, сараптама жұмыстары асфальт-бетон қоспасының құрамы талапқа сай емес екенін анықтаған. Зертханалық талдаулардан кейін тиісті нұсқама берілді. Мердігер жол жабынын түгел қырып тастап, битум эмульциясынан бастап қиыршық-құм қоспасын және асфальт-бетон қабатын қайта төсеуге мәжбүр болды. Бұл жұмыстарға 286 млн теңге жұмсалған. Аталған жол кепілдік мерзімінде болғандықтан, барлық шығынды мердігер көтереді. Анықталған ақауларды жоюға міндеттеледі, делінген Ұлттық сапа орталығының хабарламасында.