Бүгін үшінші мегаполис – Шымкентте Жұмысшы мамандықтар жылының жабылу салтанаты өтті. Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы өз саласында үздік нәтиже көрсеткен мамандарды марапаттады.
Ғазиза Айдарханқызы – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті. Таланты мен талабын ұштастырған жас WorldSkills Kazakhstan байқауында жүлделі орын иеленген. Салтанатты жиында қала әкімінің арнайы марапатына ие болды.
ҒАЗИЗА АЙДАРХАНҚЫЗЫ, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Тігін саласы бойынша сән технологиясы құзыреттілігі аясында жарыс өтті. Мен сырт киім тіктім. Он бес сағат ішінде толық аяқтадым.
Ал Қуаныш Ерланұлы халықаралық деңгейдегі жарыстарда кәсіби шеберлігін дәлелдеп жүр. Аспаз мамандарын даярлап жүрген ұстаз білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосуда.
ҚУАНЫШ ЕРЛАНҰЛЫ, ТАМАҚТАНДЫРУ ИНДУСТРИЯСЫ ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында түрлі жарыстарға қатыстық. Күз айында Анталия қаласында өткен халықаралық байқауда жүлделі орынға ие болдық.
Кеш барысында жыл аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, дуальды оқыту жүйесін дамыту мәселелері сөз болды. Сәрсен Абайұлы білім беру ұйымдары дайындаған көрмені аралап, студенттердің шығармашылық жобаларымен танысты.
КҮЛЗИНА УАЛИХАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін 32 студент пен 12 кәсіпорын марапатталды. Төрт мемлекеттік колледж халықаралық аккредитациядан өтті. WorldSkills байқауына қатысқан 21 студентіміз үздік атанды.
Шарада өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген өндірістік оқыту шеберлері, белсенді студенттер мен үздік кәсіпорындар марапатталды. Жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.