Кітап оқу – жетістікке апарар жол. Осы тақырыпта Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханада тағылымды кездесу кеші өтті. Өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған шараға түрлі сала өкілдері қатысты.
Кітап – ойды шыңдайтын, сананы серпілтетін киелі құрал. Кездесуде әдебиет әлеміне саяхат жасаған жастар сүйікті шығармалары жайлы пікір алмасты.
ЖАНДОС АСҚАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын. Балаларымды да әкеліп, кітапқа деген құштарлығын арттырып жүрмін. Саналы ұрпақты тек кітап оқу арқылы тәрбиелей аламыз.
Кеш барысында қатысушыларға көркем әдебиеттің адам өміріндегі рөлі, кітап оқудың тұлғалық дамуға тигізер әсері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру, көркем шығармаларды оқуды насихаттау мәселелері ерекше назарға алынды.
АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, №54 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Президентіміздің бастамасымен жастарды кітап оқуға шақыратын арнайы бағдарлама жолға қойылған. Сол жоба аясында қазіргі таңда түрлі мектептерде іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Ұйымдастырушылар жас буын бойына жоғары азаматтық қасиеттер мен рухани-адамгершілік құндылықтарды дарытудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың қоғам үшін аса қажетті екенін жеткізді. Шараға қатысқан өрендер пікірталасқа қатысып, сүйікті кітаптары жайлы ой бөлісті, жаңа әдебиеттерге бағыт-бағдар алды.