Шымкентте квазимемлекеттік сектор басшыларымен арнайы кездесу өтті. Мемлекеттік қызмет істері департаменті ұйымдастырған шара ақпараттық-түсіндіру бағытында өрбіді. Жиында квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелері қаралды. Комплаенс қызметінің практикалық қызметінде туындайтын өзекті мәселелер де осы басқосуда талқыланды.


Кездесу барысында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сақталуы тиіс негізгі қағидаттар сөз болды. Атап айтқанда, қызметтердің уақтылы көрсетілуі, қолжетімділігі, ашықтығы, заңдылығы және нәтижелілігі басты критерийлер ретінде атап өтілді. Сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау мерзімдерін бұзбау, негізсіз бас тартуларға жол бермеу және қызмет алушылармен кері байланысты нығайту мәселелері көтерілді.


ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

 Мемлекеттік қызмет көрсету саласында қалай жұмыс атқару керектігі, тұтынушыларға қандай қолайлы жағдай жасалуы тиіс екені түсіндірілді. 11 айда 200-ден астам тұрғынның өтініші қаралды.


Департамент өкілдері азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізілетінін, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар қызмет көрсету барысында цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану, адами факторды азайту және сервистік тәсілді енгізудің маңыздылығы айтылды.


 ИБРАХИМ ЕРТАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Қала әкімінің төрағалығымен екі отырыс өтті. Нәтижесінде 34 тапсырма беріліп, 352 тәуекел анықталды.


Жиында декларация тапсырудың тиімділігіне де ерекше назар аударылды. Декларациялау жүйесі мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда ашықтықты қамтамасыз етіп, табыс пен мүліктің заңдылығын бақылауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде қоғам тарапынан сенімді арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.


НҰРЖАН БАКИБАЕВ, КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

 Жеке тұлғалар жылдық табысы 20 АЕК-тен асқан жағдайда жеке табыс салығы бойынша есеп беруге міндетті.


 Кездесу қорытындысында қатысушылар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызмет сапасын үздіксіз жетілдіру және заң талаптарын қатаң сақтау ортақ міндет екенін атап өтті.