Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті отыз екінші сессиясы өтті. 2025 жылды қорытындылаған жиынның күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі қаралды. Сондай-ақ, сессияға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.


Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инвестиция тарту жұмыстарын баяндады. Сонымен қатар инфрақұрылыммен қамту, абаттандыру, әлеуметтік саланың даму барысы да назардан тыс қалмады. Басты мақсат – халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру екендігін атап өтті.


ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Басты мақсатымыз бар. Халықтың жағдайын жақсарту, қаланы дамыту. Жалпы экономикамыз көтеріліп келеді. Он айдың қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз. Ал он бір айдың көрсеткіші бойынша үздік төрттікте келеміз. Жыл соңына дейін тек алға жылжимыз.


Қалада барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауыз су, табиғи газ, электрмен қамту, жол инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жарықтандыруда көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Барлық салаларда оң көрсеткіштер бар. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров қалада шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тартуда қарқынды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.


НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Осы әкімдік пен мәслихат бірлесіп, бірқатар жұмысты атқарып келеді. Соңғы екі жыл ішінде жүзеге асқан жобалардың барлығы көзге көрінеді. Оны біз аса бір мақтанышпен айтып отырамыз.


Сессия барысында депутаттар тарапынан қала әкімінің есебі оң бағаланып, бірауыздан бекітілді. Күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты. Қала әкімі кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.